Қабанбай батыр ауылындағы Ақмола ААЭЖ оқу-жаттығу полигонында «АЭҮК» АҚ ААЭЖ бригадалары арасында 10-0,4 кВүлестіру желілерін пайдалану бойынша жедел-жөндеу қызметкерлерінің кәсіби шеберлік бойынша ақтық жарыстары өтті. Жарыстар 10-0,4 кВ үлестіру желілерінің техникалық қызмет көрсетуі мен жөндеу жұмыстарын жүзеге асыратын қызметкерлердің кәсіби дайындығын арттыру, жұмыстарды жылдам әрі қауіпсіз орындау және қорғаныс құралдарын пайдалану бойынша тәжірибе мен әдістермен алмасу  мақсатында  жыл сайын өткізіледі.

Финалға қатысу мүмкіндігіне компанияның ауданаралық бөлімшелерінде өткен аймақтық жарыстарда алғашқы екі орынды иеленген командар ие болды. Олар – Атбасар, Қорғалжын, Ерейментау, Ақкөл, Жақсын және Есіл аудандық электр жүйелері бригадалары. Аталмыш бригадалар үш күн бойы 10-0,4 кВ үлестіру желілерін пайдалану бойынша 2016 жылғы үздік бригада атты атау үшін таласқа түсті.

Жарыстар басталмас бұрын командалар техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтан өтті, кейіннен жеребе тасталынып, командалардың жарыс кезеңдері бойынша өту кезектілігі анықталды. Барлығы алты кезең болды: оның ішінде бесеуі практикалық және біреуі теориялық кезең болды.

Бірінші кезеңде командалардың керек-жарақпен қамтамасыз етілуі, ТҚ бойынша қарастырылған қажетті құрал-саймандармен, құралдармен, қорғаныс құралдарымен жабдықталуы және байланыс құралдары мен бригадалық автокөліктің күйлері тексерілді. Екінші кезең ТҚЕ, ТПЕ, ӨҚЕ мен қауіпсіздік және еңбекті қорғау нұсқаулықтары, нормаларын білуге қатысты теориялық тапсырмалардан тұрды. Оған барлығы жиырма минут уақыт берілді. Жарыстың қалған кезеңдері практикалық болды, дәл осы кезеңдерде командалар өздерінің ТҚ бойынша қолданыстағы нормативтер мен нұсқаулар, ережелерге сәйкес жұмысты орындай білулері мен кәсіби шеберліктерін көрсетті.

Тапсырмалар оңайға соқпады: ӘЖ-10 кВ тіреуіндегі электр тогінен зақым алған зардап шеккенді (85 кг салмақтағы манекен) босату және оған реанимациялық әрекеттерді жүргізу жолымен дәрігерге дейінгі көмекті көрсету; 10 кВ ақаулы өтпелі оқшаулағышын 10/0,4 кВ ЖТС-қа және 0,4 кВ ОӘЖ (ӨТОС) сымын қиылысу аралығында ӘЖ-10 кВ-ға ауыстыру және жарыстардың өзге де кезеңдерінен тұрды.   

Еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғау техникалары ережелерін білу және осы ережелерге сәйкес команда әрекеттері жарыс жеңімпаздарын анықтаудың басты қағидаты болып саналды. Төрағалардың тапсырмаларды орындау жылдамдығына да назар аударғандары сөзсіз. Себебі шынайы өмірде барлығы әдетте азғантай минуттарда шешіліп жатады.

Үш күнге созылған тартыс негізінде Атбасар АЭЖ жарыс жеңімпаздары атанса, Жақсын АЭЖ екінші, ал Есіл АЭЖ үшінші орынды қанжығаларына байлады.

«Үздік шебер» атағын Жақсын АЭЖ Есіл ЖШТ шебері Александр Малышкин иеленді. Үздік электромонтер болып Ерейментау АЭЖ-дан Мейрам Аубакиров атанды. Үздік бригадалық автокөлік Қорғалжын АЭЖ-ға тиесілі. Ал ТҚ мен ПТ ережелеріне қатысты ең үздік білімді Атбасар АЭЖ Новосельский ЖШТ шебері Олег Ловской көрсетті. Қалған командалар турнирлік кестеде келесі тәртіпте орналасты:

4  орын – Қорғалжын АЭЖ

5 орын –  Ерейментау АЭЖ

6 орын – Ақкөл АЭЖ.

«АЭҮК» АҚ қоғаммен байланыс бойынша бөлімі