2016 жылдың 17 ақпанында «АЭҮК» АҚ қызметкерлері ҚазАТУ энергетикалық факультетінің бірінші курс студенттері үшін экскурсия ұйымдастырды. Экскурсия барысында болашақ энергетиктер Компанияның ірі филиалы – Ақмола ауданаралық электр жүйелерімен (АААЭЖ) танысты. 

Экскурсия «АЭҮК» АҚ мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің арасындағы ұзақ мерзімді серіктестік және Жас мамандарды қолдау бағдарламасы шеңберінде жүзеге асты. Іс-шараға 22 студент қатысты.

Ақмола ауданаралық электр жүйелерімен танысу бас инженер Николай Ламоновтың кабинетінен бастау алды. Компанияның тарихына қысқаша шолу жасағаннан кейін тәжірибелі маман «АЭҮК» АҚ қызметі туралы, оның ұйымдастыру құрылымы және инвестициялық бағдарламалары жайлы сөз қозғады. Әңгіме барысында Ақмола ауданаралық электр желілері қызметі кеңірек талқыға түсті. «АААЭЖ – кадрлар шыңдала түскен көпке белгілі ұстахана іспетті. Филиалдың бұрынғы қызметкерлері бүгінгі таңда Компаниямыздың және де Қазақстанның өзге энергетикалық ұйымдарының, сонымен қатар мемлекеттен тыс ұйымдардың да жетекші қызметтерін  басқарып отыр», – деп өз сөзінде келтірді Николай Ламонов.

Студенттер кәсіпорын «жүрегі» – орталық диспетчерлік пунктпен де  танысты. Диспетчерлік қызмет бөлімінің бастығы Бауыржан Жолдыбаев бірінші курс студенттеріне мнемосхема жұмысының қағидаттарын көрсетті, кезекші диспетчер қызметі туралы және оның қандай қасиеттерге ие болуы керек екендігі туралы баяндады. Филиалдың ең тәжірибелі қызметкерлерінің бірі Сергей Дубинец студенттерді «Астана» 110-10 кВ қосалқы станциясына апарды, ол жерде болашақ энергетиктерді Компанияда пайдаланылатын заманауи жабдықтармен таныстырды.

Кадрлармен жұмыс істеу басқармасы кадрлармен жұмыс істеу бөлімінің бастығы Галия Исмагамбетова: «Аталмыш кездесу – серіктестігіміздің басы ғана. Жақын арада Компания күш пен жігерге толы жаңа қызметкерлермен толығатындығына үміттенеміз» деп атап өтті. 

Жас мамандарды қолдау бойынша бағдарлама 2016 жылдан бастап күшіне енді және студенттерге атаулы стипендия, оқу ақысын төлеу, өндірістік және дипломалды тәжірибені өтеу секілді мүмкіндіктерді ұсынады.

«АЭҮК» АҚ қоғаммен байланыс бойынша бөлімі